Отпан таудағы Амал мерекесі

Маңғыстаулықтар жылдағы оң үрдісінен жаңылмай 13-14 наурыз күндері Отпан тау басына жиналып, Амал – көрісу мерекесін барлық сән - салтанатымен атап өтті. Ондағы мақсат – ата аруағына тағзым ету, бір-бірімен, алыс-жақын ағайынмен туысқандықтың тамырын бекіту, тәуелсіз еліміз, кеңбайтақ жерімізге ынтымақ, ырыс, береке-бірлік тілеу.

Бұл күндері «Отпан тау тарихи-мәдени кешені» елді ынтымақ пен бірлікке шақырар киелі орынға айналды. 

Ата-бабаларымыз көрсетіп, ұлағаттап кеткен өнеге - өсиет Кеңестік кері саясат қанша ұмыттырғысы келгенімен жан-жүрегімізде қайта жаңғырып, 2008 жылы қайта өмірімізге келді. Осы жылы бұл игі дәстүрді Қосай ата ұрпақтары жалғастырды. Келесі жылдары Тәзіке, Құнанорыс, Ақпан, Балықшы ата ұрпақтары іліп әкетті. Ал биылғы жылы Отпан тау тарихи-мәдени кешені басындағы Амал-көрісуді Жеменей ата ұрпақтары ұйымдастырып, келелі істің басы-қасында болды..

Наурыздың күн шуағын ала келген бұл күндері Маңғыстаудың биік шоқысы – Отпан тау басында арғы жағы Алматы мен Астана, берісі Маңғыстаудың барлық аудан-қала, ауылдарынан келген ағайындар айтқан жан тербеп, жүрек елжіреткен тілектер мен шырқалған әсем ән мен жыр бір толастамай, кең Маңғыстауға тарап жатты.

Мерекенің алғашқы күні түсқайта кеңбайтақ еліміздің әр шалғайынан келген бауырларымыз Отпан тау басында құшақтаса көрісіп, бір-бірін Амал мерекесімен құттықтасты.

Жиналған халықтың қарасы көбейіп, аман-саулық алысқаннан кейін шың басына өрлейтін жалғызаяқ жолмен Адай ата кесенесіне жиналған ағайындар Адай атамыздың аруағына бағыштап Құран оқыды.

Қия шыңның басындағы аспанмен таласқан атаның ақ кесенесіне тебірене, толқи қараған ақсақалдардың кейбірінің көңілдері де босап кетті. Ол әрине сан ұрпақтың қолдары жетпей кеткен баға жетпес бақытымыз – Тәуелсіздіктің өздерінің пешенесіне бұйырғанына, тәлімді тәрбиеге уызында жарып өскен жас ұрпақтың аталар аманатына адалдығына, аруақтарды сыйлай білетіндігіне деген риза көңілдің жан толқытқан тебіреністі бір сәті деп ұқтық.

Бұдан арғы мереке төмендегі Ақсарай басында жалғасты. Шұрқырасқан дүйім халық Ақсарайдың бес залында жасақталған өлкеміздің арғы-бергі тарихын баяндайтын жәдігерлерді тамашалады. 

Кіреберіс залда Отпан таудың басында болашақта жасалатын жұмыстардың макеттері қойылыпты.

Олардың ішінде 362 әулиеге арнап салынатын ескерткіштің, қазақ батырларына қойылатын ескерткіштердің орындары көрсетілген. Орталық залда Қазақстанның даму тарихы бейнеленіпті.

Келесі зал Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарына, ел рәміздеріне арналған. Келесі зал дін-руханиятқа, яғни Маңғыстау өңіріне мұсылман діні қашан, қалай келгені туралы баян етеді. Бір зал халқымыздың дәстүрлі өнерін паш етеді. Ендігі бір залда Маңғыстаудың дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлғалардың суреттері көрініс тапқан.

Отпан тау тарихи-мәдени кешені қызметкерлерінің айтуынша бұл орын қазақ атам баласы алыс-жақыннан арнайы келіп, тәу ететін шын мәніндегі киелі орынға айналған. Келген қонақтар Ақсарай жанында тұрып асқақтаған Адай атаның ақ кесенесіне, оның жанындағы Көкбөрінің ескерткішіне, ұраношаққа көз алмай, ұзақ қарап тұрады екен. Сол сәттерде әркімнің де жан дүниесінде ұлттық рухтары оянып, терең тебіреніске түсетіні ақиқат.

Бұл күні Отпан тау басында түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтті. Ақсарай жанындағы әсем сахнадан ән мен жыр үзілген жоқ. Жиналған жамағат жаңаөзендік өнерпаздардың арнайы дайындап әкелген концертін тамашалады. 

Халық 22 жыршы-термешінің өнер шашуын тамсана тыңдап, қызу қол соқты.

Ауыздыға сөз бермеген өңшең ақиық сүлейлері міз Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбайлардың асыл сөздері Отпанның шыңдарында жаңғыры ғып, алыстарға тарап, асқақтап жатты.

Біздің өңіріміздегі өнердің бір ерекшелігі, осы жыр-терменің құдіретінде. Өнердің осы бір ғажап түрі әсіресе егемендік алғаннан кейінгі кезеңде ерекше екпін алды. Бір қуанарлығы, Маңғыстауда өрімдей жап-жас жыршылар көп-ақ. Бұл да болса ата-бабадан қалған асыл өнеріміздің өміршеңдігінің бір белгісі.

Келесі сәтте жиналған жұртшылық жазба ақындардың мүшәйрасын тамашалады. Мүшәйраға қатысқан 19 ақынның дені жастар болғанымен олардың жыр-толғаулары салиқалы да салмақты естілді. Көпшілік қауым жастардың ой өрістерінің ауқымдылығына, жырларының жүрек тербер сезімдерге, нәзік иірімдерге толы болғанына ризашылықпен дүркін-дүркін қол соғып, қошамет көрсетумен болды. Ақындар елдің бірлігін, халықтың ынтымағын, туысқандық пен бауырмалдықты жырлады, Адай атамыз бен оның ұрпақтарының ерлік істерін сөз етті, осы Амал мерекесін биыл ұйымдастырып жатқан Жеменей атаны да жырларына арқау етті. Соңында ұйымдастырушылар алқасы мерекенің сән-салтанатын асырған өнерпаздарды «Алғыс хатпен» марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.

Осы күні түнде ең маңызды шара Ұраношақта «Тағзым-Бірлік» оты жағылды. Оны осы биылғы Отпан таудағы «Амал-көрісу» мерекесін өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы, Жеменей ауылының ақсақалы, елге белгілі азамат Киікбай Рзаханов жақты. Осы бір көңіл толқытар сәтке куә болған жамағат еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, әр таңымыз бейбітшілікпен арайлап, халқымыздың ырзық-несібесі мол болсын, ата-бабаларымыздың аруағы қолдағай, ошағымыздың оты сөнбегей деген ізгі тілек тілеумен болды.

Келер жылы Амал-көрісу мерекесін өткізіп, ұран отын жағуды кезегімен келген Тобыш атаның ұрпақтары – Нұрұлы Рахметолла бастаған азаматтар қабылдап алды.

13 наурыз күнгі салтанат осымен аяқталып, ол 14-і күні одан әрі жалғасты. Бұл-Амал күні. Отпан таудың басына бір үлкен үйден тараған сансыз көп туысқан бір сәтте жинала қалғандай бір-біріне ақсия күліп, құшақ жая көрісіп, бір-бірін  құттықтасып жатқан жандар. Адамдардың бір-біріне деген алғаусыз, ақниетті қауышуын көрудің өзі бір ғанибет екен. Әне-міне дегенше Ақсарай жанындағы үлкен сахнада Амал-көрісу мерекесі де басталып кетті. Жиналған халықты облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтады: - Құрметті ағайындар, қадірменді ардагерлер! Маңғыстау жеріне жылдың басы – Амал келді. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! Амал оң болсын, ырыс мол болсын! Бүгін біздер қасиетті Отпан тауға бір-бірімізбен көрісуге, қара қазаннан дәм татуға, үлкендерімізді құрметтеуге жиналып отырмыз. Амал мерекесі ежелден келе жатқан халқымыздың жақсы көретін дәстүрлі тойы. Амал мерекесінде адамдар бір-бірімен көріседі, бір-бірін құшақтап, бір-біріне деген реніштерін кешіреді, бір-біріне жақсылық тілейді.

Амал баршамызды бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақырады. Елбасымыздың тапсырмасымен осы қызметке келгеніме екі ай болды. Содан бері елмен танысып біраз адамдармен, ақсақалдармен кездестім, кейбір шаруаларға әлі үлгерген жоқпын. Бүгінгі мерекеге сіздермен көрісіп, танысуға әдейі келіп отырмын. Халқымызда үлкендерден 

бата алу деген жақсы дәстүр бар. «Батасыз іс-баянсыз» дейді қазақ. Әрбір ісіміз берекелі болсын! 

Тағы да мерекемен құттықтаймын! Амал оң бол сын, ақ мол болсын!

Кең байтақ еліміздің барлық аймақтарынан келген ел азаматтарына, қазақтың үш жүзінің өкілдеріне, әр рудың өкілдеріне ата салты бойынша ақсақал шапан таратылып, ата-баба рухына бағышталып Құран оқылды.

Сахнада өнерпаздардың мерекеге арнаған концерті жалғасты. Жұртшылық ән-күймен тыныстағандай болды. Қарақия ауданы тіккен үлкен ақбоз үйде «Батаменен ел көгерер» атты бата гөй ақсақалдардың конкурсы өтті. Бұл конкурсқа облысымыздың барлық аудандарынан келген 10 ақсақал қатысты.Бұл шараның мақсаты – бүгінгі жас ұрпақты ертеден келе жатқан өнеге, өсиет болып бойымызға сіңген ата-бабаларымыздың асыл мұрасы – адам баласын ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулитын батаның, салт-дәстүріміздің, тіліміздің, тарихымыздың саналуандығын дәріптеу және оларды жаңғырту екен. Атам қазақ қандайма бір істі бастамас бұрын ең әуелі үлкендердің ризашылығын, «Ақ батасын» алған. «Батасыз іс-баянсыз» деген тәмсіл  де содан қалған. Бұл сайысқа түскен 10 ақсақал да өздерінің ата-баба салтын бойларына сіңірген, нағыз сұңғыла, шешен, парасатты, ақылман  қариялар екенін байқатты.

Жиналған жамағат әр ақсақалдың батасына  қолдарын жайып «әумин» десіп отырды. Жың ғылды ауылынан келген батагөй Сүйеуов Базар хан ақсақалдың батасы жұртшылықты тәнті етті.

Базекең ақсақал жаттандылықтан аулақ, өзінің шығарған батасын айтты. Қазылар алқасы ол кісінің бата беруіндегі шығармашылық соны қырын  жоғары бағалап, оған бірінші орын беріп, жүз мың  теңге сыйлық тапсырды. Нәубетов Жамбыл мен  Қаржаубай Рейімбайұлы –екінші орын, Кумашев Таған мен Нұрғожа Бекбосынов - үшінші орын, Асылбек Торланов арнайы сыйлыққа ие болды.

Қалған ақсақалдар да құралақан қалған жоқ, бәріне де сыйлықтар тапсырылды.

Дәл осы сәтте ауыл алдындағы алаңда палу андар боз кілемнің шаңын бұрқылдатып жатты.

Күреске қатысқан 20 шамалы палуанның ішінен  Сабыр Қонаев түйе палуан атанды. Сондай-ақ 2  екінші орын, 2 үшінші орын алған палуандар да  бағалы сыйлықтарға ие болды.

Түс мезгілінде ұйымдастырушылар алыс-жақыннан келген барша ағайындарды ақбоз үйлер де жайылған кең дастархан басына шақырып, ас берілді.

Ел мен жердің береке-бірлігіне, ата-бабаларымыздың рухына бағышталған Амал-көрісу мерекесі елді ынтымаққа, тату тірлікке шақыраты ны анық. Жиналған халық ұйымдастырушыларға  алғыстарын жаудырып, көтеріңкі көңілмен «келер  жылғы Амалға дейін аман болалық»-деп тарасты. Халқымыздың Амал күнгі ақ тілегі қабыл болғай!

Ақпарат көзі:  "Маңғыстау" газеті 

Автор: Рза ОҢҒАРБАЙ

Жәрияланған күні: 16 наурыз 2013




15 наурыз 2018

Амал-2018

24 сәуір 2017

Отпан тауда бұлақ көзі ашылды

Автор: «Қазақстан-Ақтау» Ұлттық телеарнасы

14 наурыз 2015

Отпан Тау

16 наурыз 2013

Отпан таудағы Амал мерекесі

Автор: Рза ОҢҒАРБАЙ