Cовет Одағының Батыры Біләл Қалиевтің 100 жылдығына арналған "Ер есімі өшпейді ел есінен" атты патриоттық шара

«Отпан» МКҚК мен С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат ұжымдарының ұйымдастыруымен жерлесіміз, Совет Одағының Батыры Біләл Қалиевтің 100 жылдығына арналған "Ер есімі өшпейді ел есінен" атты патриоттық шара болып өтті. Шараның мақсаты: "Ерлер есімін ешқашан ұмыттырмау " деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты  Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, есіл боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, халқымыздың тарихын құрметтей білуге тәрбиелеу.

Шараға Жыңғылды ауылының соғыс кезінде еңбек еткен тыл ардагерлері,  мектеп-интернаттың ұстаздары мен оқушылары, батырдың Тараз, Ақтау, Жаңа өзен қалаларынан, Жетібай кентінен келген туыстары қатысты. 

Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтарды еске алу үшін жарияланған бір минут үнсіздіктен соң шараны ашып, «Отпан» МКҚК директорының орынбасары Кетеева Жадыра мен С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат директоры Айжанақова Нағима қонақтар мен қатысушыларды мерекемен құттықтады. 

Құттықтау сөзден кейін көрермендер назарына С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат оқушыларының қатысуымен дайындалған «Ерлікке тағзым» композициясы ұсынылды. Шара соңынан батырдың туыстары атынан Тараз қаласынан арнайы келген Біләлдің ағасы Әбілдің ұлы Қалиев Болат пен жетібайлық Қалиев Ережеп ағалар сөз алып, шараны ұйымдастырып отырған «Отпан» МКҚК мен С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат ұжымдарына шын ризалықтарын айтып, аталарының құрметіне арнап ұйымдастырылған шараға шақырғаны үшін «Отпан» МКҚК ұжымына шексіз алғысын білдірді.

 «Отпан» және С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат ұжымына ағайынды Әбіл, Біләл жіне Шілтен Қалиевтардың портреттерін табыс етті. Шара соңынан қонақтар «Адай ата – Отпан тау» кешенін аралап, Адай ата кесенесіне зиярат етіп, ел үшін жандарын пида еткен бабалардың рухтарына арнайылап құран бағыштады. 

 

Жәрияланған күні: 8 мамыр 2017Оқылған саны: 627