Мусаев Нұрлан

 

1984 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Қызан ауылында өмірге келді. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алды (2001-2005). Еңбек жолын осы университетте ұйымдастырушылық қызметінен бастаған ол қызметін Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік қызмет орталығында бөлім бастығы болып жалғастырды. 2017 жылдың қыркүйек айынан «Отпан» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры.

Жастайынан жыр-термеге құмарлық танытты, суырыпсалма өнерін байқатты. Тараз қаласында өткен республикалық студенттер жарысында жүлделі ІІ орын (2002),  М.Өтемісұлы атындағы республикалық студенттер сайысында бас жүлде (2003),  К.Сәкиевтің 80 жылдық мерейтойы аясындағы республикалық ақындар айтысында ІІ орын (2004), Қарағанды қаласында өткен республикалық «Наурыз» айтысында ІІ орын (2004), «Елбасы жолдауы – ел арқауы» ұранымен Орал, Қызылорда және Тараз қалаларында өткен ақындар айтысында ІІІ орын бас жүлде және ІІ орын (2005), Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы (2005), Алматы қаласында «Қазақ әдебиеті» газетінің 70 жылдық мерекесіне арналған айтыстарда ІІ орынды жеңіп алды. 2004 жылы таңдаулы 12 жас ақынның бірі болып Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласы Қазақстан елшілігінде қазақ диаспорасы мен қонақтар алдында өнерін көрсету құрметіне ие болды. Қ.Күржіманұлы атындағы облыстық айтыста бас жүлде (2005),  Балаораз атындағы (Атырау, 2006),  Т.Жароков атындағы (Орал) ақындар айтысында ІІІ орын алып, сол жылы «Асқарға баста, Ақорда!» республикалық ақындар айтысында ІІ орын алды. Адай Ата тарихи-мәдени кешенінің ашылу құрметіне арналған республикалық ақындар айтысында І орын (2007) иемденді. Өскеменде өткен  "Алтайым – алтын бесігім" атты республикалық  айтыста 2-орын алған (2014). Құлсары қаласында өткен (аймақтық) ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің 80 жылдық тойында бас жүлде алған (2017).

Сонымен қатар облыста айтыс өнерін насихаттау мақсатында ақындар айтысын ұйымдастырып тұрады. 2009 жылы осы еңбектері ескеріліп, «Жыл адамы» номинациясы бойынша Маңғыстау облысының үздік өнер қызметкері болып танылды.