«Дала данышпандары» залы

Залға кіре беріс сол жақтағы 1-витринада ежелгі Түркі қағанатының билеушілері – ұлы Күлтегін (684-731), Білге (683-734), Тоныкөк (646-741) қағандардың мүсіндерінің фотокөшірмелері мен мына даналық сөздері жазылған:

«Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп»,
«Күшке күш қосылса – құп, елге ел қосылса – құт». Күлтегін

«Біз – көктен жаралған Көктің ұлы Түркі жұрты боламыз».
 «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ».  Білге қаған

«Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу жеңіл».
 «Қол қосылса – күш асар». Тоныкөк

2-витринада «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген ескі сөзде айтылатын Шыңғыс ханның кеңесшісі болған Майқы бидің (ХІІ – ХІІІ ғасыр) кескіні мен мына даналық сөздері  келтірілген:

- Бірлік түбі – береке.
- Алтау ала болса – ауыздағы кетеді
  Төртеу түгел болса – төбедегі келеді.

- Дауыл болмай жауын болмас,
  Даулы болмай қауым болмас».
3-витринада  Ұлы жүздің биі Үйсін Төле би Әлібекұлының (1663-1756) суреті мен мына даналық сөздері жазылған:
- Атадан ұл туса игі,  Атаның жолын қуса игі.
 - Халқыңа әділ бол,  Жауыңа қатал бол,  Досыңа адал бол!
 4-витринада Орта жүздің биі қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлының (1665-1765) суреті мен мына даналық сөздері жазылған:

- Атадан жақсы ұл туса,
 Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
 Елінің соры болады.
- Атың жақсы болса,
Тірліте мінген пырағың.
Балаң жақсы болса –
Жанып тұрған шырағың.
Әйелің жақсы болса,
Досың жаныңа жиналып,
Рахаттанар қонағың!

5-витринада Кіші жүз биі Алшын Әйтеке би Бәйбекұлының (1683-1739 ) суреті мен мына даналық сөздері жазылған:

- Туған жердей жер болмас,
  Туған елдей ел болмас.
- Ашу деген ағын су,
  Алдын ашсаң – арқырар.
  Ақыл деген дария,
  Алдын тоссаң – тоқырар.

6-витринада  данышпан ақын Абай Құнанбайұлының (1845-1904) суреті мен мына даналық сөздері жазылған:

- Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос.
- Атаның баласы болма,
  Адамның баласы бол!
- Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
  Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
  Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік.
  Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

7-витринада қазақ халқының батыры, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының (1910 - 1982) суреті мен мына даналық сөздері жазылған:
 - Отан – от басынан басталады, демек өз бесігің, өз үйің.
- Қайрат етер кезіңде жүк көтерер нардай бол.
  Ақыл айтар кезіңде жүз жасаған шалдай бол!
- Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті.

Залдағы орталық витринаның 4 жағына Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ата Заң, Елтаңба, Ту және  Әнұран мәтіні орналасқан.