«Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені туралы

Киелі маңызға ие Отпан шоқысы ежелгі замандардан бері түбек тұрғындарының Ұран отын жағып, рухтанып жауға қарсы бірігіп, елдікке, бірлікке шақыратын, келелі кеңестерге жиналатын орны болған. Сол себептен қазіргі замандағы экспозицияның негізгі идеясы – бүгінгі ұрпаққа ата-бабаларымыздың даңқты тарихы мен батырлық пәлсапасын, халқымыздың озалдан жалғасқан салты мен дәстүрін насихаттау арқылы ұлтты біріктіру, игі істерге ұрандау.

ХІV ғ. екінші жартысында қазақ мемлекеттігін негіздеуге жасалған алғашқы әрекеттің, яғни, қазақ мемлекеттігінің бастапқы сәтінің Маңғыстау мен Үстірт жерінде, Қозыбасыдағы шаңырақ көтеруден аттай 100 жыл бұрын болғандығы (С. Қондыбаев. «Маңғыстаунама»). Кәрі Маңғыстау түбегінде түркілік  жер атаулары мен «Есен-Қазақ» тарихы, 362 әулиенің шоғырлануы, ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштер мен мұралардың көпшілігінің орналасуы, Пір Бекет Атаның осында жатуы, ақыр аяғы қазақ халқының шежіресі бойынша Алаштың кенжесі болып есептелетін Адай тайпасының осында мекен етуі қазақтың Қарашаңырағы – Маңғыстауда деп айтуға толық негіз болады.

Қазақ халқының қалыптасқан шежіресі бойынша Алаша ханнан тараған Алаш жұрты Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз деп аталатын үш бөлімнен тұратын болса, Алты ата Әлім, Жеті ата Жетіру және Он екі ата Байұлынан тұратын 25 таңбалы Кіші жүз ішінде Адай – кенжесі, яғни Қара шаңырақтың иесі боп есептеледі. Осыған сүйене отырып, қазақ халқының ежелгі салты бойынша әр жылы Амал күні қазақ елінің түкпір-түкпірінен Отпандағы Қарашаңыраққа келіп бас қосып, көрісіп, Амал мейрамын бірге тойлау көзделеді.  

Жыл сайын Амал күні ұрпақтары қара шаңыраққа келіп, бас қосып, жаңа жылда бір-бірін аман-есен көргендеріне қуанысып, бір дастарханнан ас ішіп, Тайқазаннан дәм татып, келесі жылға амандық тілесіп, болашаққа үміт артып, аталардан бата жасалады. Бұл – көшпелі қазақ халқына ортақ, ғасырлар бойы жалғасқан  үрдіс. (Отырықшы халықтар арасында Жаңа жылды күту өзгеше сипатта). Осы дәстүрді жаңғыртып, қазір де ұлт бірлігі, татулығы үшін пайдалану мақсатында Қарашаңырақтың орталық залының қақ ортасына Тайқазан орнатылған.2007 жылдың 25 қазанда Адай ата рухына арналып үлкен ас беріліп, кесененің ашылу салтанаты өтті. Асқа 500-дей киіз үй тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шет елдерден 50 мыңға жуық адам қатысты. 

"Қазақ халқының абыз тұлғаларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев кешеннің ашылуында сөйлеген сөзінде былай деді : «Бір  кезде Александр Македонский Тұранды алғаннан кейін ұстазы Аристотельге, шешесі Олимпиадаға хат жазған. « Мен теріскейдің суық мұхитына дейін жеттім. Ол беттегілерді таптап кетуі мүмкін гоктар мен магоктарды батыста Репей мен Қаптың, шығыста Мəру мен Сияхкуктің қуысына тықтым» деп мақтанған. Сол рапорттардың ішінде айтылатын Сияқкух – мынау жатқан Қаратау!.. Мінеки, сол атақты Сияқкухтің осы Маңғыстауға бұйырған екі пұшпағында екі үлкен кіндік, биік бар. Біреуі Қаратаудың шығыс жағындағы Бесшоқы, ал, бірі – Отпан. Отпанның жолының бөлек болатыны осы елді мекендеген, осы жерден кеткен жеті жұрттың жетеуінің де көп орныққан ортасына, тарихи ядросына орналасқан биік. Осы жерден кеткен 7 жұрттың жетеуі де осы тауды сағынып көріп, жылап кеткен.

Соның ішінде алғаш рет ешқайда кетпей де, көшпей де, мұның баянды тұраққа, баянды елдікке жеткізген дəуренін көріп тұрған бірінші ұрпақ – біздер. Бізге бұл баянды тарихоңай бұйырған жоқ. Осы биікке шығып тұрып, жан-жаққа көз салсаңыздар, біз бен сіздің тура жанымызда, аты ұмытылмаған, қаны бойымыздансуымаған бабалардың ізі əлі сайрап жатыр... Бұл құтты қоныс, қазыналы түбек, бүкіл адамзаттың көзін қызықтырған алтын сақа – оңайлықпен тұрақтап қалған жоқ. Біздің ата-бабамыз бұл жер үшін, бергі тарихтың өзінде 3 ғасырдан астам табандылықпен күресті. Бұл таудың басына біздің халқымыздың қуанып, шаттықпен көтерілген заманы болыпты дегенді мен ешуақытта естіген жоқпын. Бұл тауға, халықтың басына қауіп төнгенде, елдің шетіне жау тиген кезде Ұран отын жағуға жиналған...

 Біз, ата-бабамыз үшін ешнəрседен қысылып-қымтырылмаймыз. Басқа жұрттың алдында кісімсімейміз. Өзіміз үшін де ештемеден ұялмаймыз. Біз – Алтайдағы, Орбұлақтағы батырлардың, Оңтүстік Қазақстандағы Аңырақай төсіндегі қан төккен батырлардың, Сарыарқаның сан қиырында, Жайықтың бойында қан төккен батырлардың, Еділдің бойын ендеп соғысқан ерлердің есімдерін қалай ұмытпасақ, солардың санатында күні кешеге дейін елі үшін, қазақтың бостандығы үшін, қазақтың болашақ ұрпағының игілігі үшін қан төккен өз ата-бабаларымызды да ұмытып жүре алмаймыз. Олардың əрқайсысы атын атап, түсін түстеуге лайық жандар. Бірақ олардың саны өте көп. Олар жөнінде ақиқаттар əлі анықтала түседі. Осы ұлан-асыр, ұланғайыр ерліктің, отаншылдықтың, тарихтың алтын арқауындай болатын бір тағдыры, осы елді 3 ғасыр бойы, табан аудармай, қорғап келе жатқан байырғы халықтың түп атасы, түпкі алтын тамыры – Адай ата! Адай ата қазіргі қазақ халқын толықтырған 62 алтын баулы атамыздың қайласы сияқты. Бүкіл алаштың, бүкіл қазақтың құрметіне татитын, оған еңбегін, қанымен, жанымен, артында қалған ұрпағымен, ұрпағы ие болған өлкемен, ұрпағы баққан қазынамен дəлелдеп кеткен атақты Қаһарман». 

Сол жылы салынған кешен негізінде орталық құрылып,  «Адай ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығы деп аталды. Кешен 2009 жылы мемлекет қарауына, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасына беріліп, «Отпан» МКҚК құрылды. Кешен құрамындағы орталық нысандар Адай ата кесенесі, «Ақсарай» экспозициялық павильоны болып табылады. «Ақсарай» экспозициялық павильонының ауданы 1 020 шаршы метр. Павильон кіре беріс кіріспе залдан, орталық  дөңгелек залдан және айнала орналасқан 7  бөлмеден тұрады. Сонымен қатар, кешеннің аумағында «Ана келбеті» стелласы, Көкбөрі ескерткіші, «Ұран оты» алаңы, Тутөбе, Қарашаңырақ және Бас қақпа  орналасқан. «Ақсарай» мен Адай ата кесенесі арасын Маңғыстаудағы 362 әулиенің құрметіне салынған 362 баспалдақ жалғастырады.

Әр жылдары кәсіпорынға Көшкінов Жоламан, Озғанбаев Құралбай, Санауов Асқар, Аралбаев Данияр, Атшыбайұлы Еркебұлан басшылық етті. Кәсіпорынның қазіргі директоры – Мусаев Нұрлан Әбуғалиұлы.